Жобалар мен бағдарламалар «Бір ел – бір кітап» акциясы

«Бір ел – бір кітап» акциясы

 

2012 жылы 17 мамырда «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» атты повесі бойынша ғылыми-талдау конференциясы өтті.
Шараға жазушы-сатирик Тұрлыхан Кәрім, «Ақшам гүлі» жыр жинағының авторы, жас ақын Шұғайып Ақынұлы, аудан кітапханашылары, «Білім» және политехникалық колледж студенттері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Конференцияда кітапханашы Қ.Алтынбекова «Қайдасың, қасқа құлыным» повесінің әдеби ерекшеліктері» атты тақырыппен сөз алса, Б.Жолбарысұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ұлбосын Тұрдиева «О.Бөкей шығармаларының тілі» атты тақырыпта баяндама оқыды. Конференцияға қатысушылар  қазақ әдебиетіне өзіндік ерекшелігімен, өзіндік өрнегін сала келген жазушы Оралхан Бөкейдің өмірінен оқырманға белгісіз беттері туралы айтылып, еңбек жолын үлгі-өнеге ете отырып, жас ұрпақты елжандылыққа, отансүйгіштікке, азаматыққа баулу туралы үлкен толғаныс білдірді.
Оқырмандар «Қайдасың, қасқа құлыным» повесін оқып, жазушының туған жер табиғатын суреттеуіне тамсана таңырқаса, оның өз әкесіне деген балалық махаббатына сүйсіне қарады. Ал повестегі оқиға желісіне байланысты биенің егіз тууы жаман ырымға жорылып біреуін өлтіреді. Міне, осыған өкініш білдірген автор келесі туған құлынын анасы өлтіретінін суреттейді де, көңілінде қасқа құлынға деген аяныш, өкініш сияқты сезімдер пайда болады. Ескі ырымға сенбей құлынды өлтірмесе, мүмкін ол қазақтың құлагері болар еді деген ой түйеді. «Қайдасың, қасқа құлынымның» тақырыбы да, мазмұны да оқырмандардың пікірінше осылай ашылады. Шараға ««Бір ел – бір кітап» акциясы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Қара сөзбен жыр кестесін төккен хас шебер – Оралхан Бөкей» атты слайд-шоу көрсетілді.

 



 

2011 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы бойынша «Ақбілек әлемі» атты оқырмандар конференциясы өтті. С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында  Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы бойынша «Ақбілек әлемі» атты оқырмандар конференциясы өткізілді. Шара барысында ХХ ғасырдың басында ұлттық әдебиеттің барлық жанрында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер, ақын әрі прозашы, аудармашы, сыншы, драматург Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығын насихаттай отырып, қазақ қызының күрделі тағдыры негізінде, әлеуметтік төңкерістер тұсындағы қазақ ауылының өзгеру процесін суреттеген алғашқы қазақ романы болған «Ақбілек» туындысының жалпы идеясы мен мазмұны оқырмандарға ашылды. Оқырмандар конференциясына Жетісу Мемлекеттік Университетінің, «Білім» колледжінің студент жастары белсене қатысты. Шараға дайындалған сұрақтарға жауап беру барысында шығарманың мазмұны мен идеясы ашылды. Жетісу Мемлекеттік Университетінің оқытушысы, белгілі ғалым, сыншы, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсын Сыдықов «Ақбілек» романы бойынша тың деректерді келтіре отырып, терең мағлұмат беріп, конференцияны қорытындылады. «Алаштың айбынды тұлғасы» атты кітап көрмесі, «Ақбілек әлемі» атты слайд көрсетілді.

 

 



2013 жылғы Республикалық  «Бір ел- бір кітап» акциясы аясында С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы  Талдықорған қаласындағы «Тіл сарайының» мамандарымен бірлесіп, қазақтың ақын қызы Ф.Оңғарсынованың «Дауа» жыр жинағы бойынша «Поэзия патшайымының лирикалары» атты жыр кешін өткізді.  Бұл шараның ерекшелігі - тілдің үш тұғырлығын басшылыққа ала отырып, тіл орталықтары тыңдаушыларының қатысуымен  Фаризаны қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сөйлетіп, аудармалары арқылы ақынның лирикаларымен басқа ұлт өкілдерін  тәнті ету болды.
Ақынның өмірі мен шығармашылығынан толық мағлұмат беретін «Қанатты жырдың қарлығашы» атты слайд қатысушыларды тың деректермен, сирек фотосуреттермен, қызықты сәттермен баурап  алса , поэзия падишасының сезім болып төгілген асыл жырлары талғампаз оқырмандарының  жүрегіне жол тауып, көпшілікті тағы бір елең еткізді.    Ақынның «Туған жер», «Дауа», «Мен саған ғашық емес ем», «Өзім туралы», «Аққу-тағдыр» т.б. өлеңдерін студенттер,  орыс тіліндегі аудармаларын жас сарбаздар  нақышына келтіріп, тебірене оқыды. Ал «Ағылшын тілі орталығының» тыңдаушылары поэзия әлемінің биік шыңдарын бағындырған ақынның жыр жауһарлары туралы ағылшын тілінде баяндады. Қатысушылар сауалнамаларға жауап бере отырып,   ақынның өмірі мен поэзиясы туралы  көптеген мағлұматтар алып, өздерінің де ақын өлеңдерін білетіндіктерін көрсетті. Ф.Оңғарсынованың сөзіне жазылған әндердің  композиторы кім деген сауалдарға жауаптар алынып,  жауап бергендер  әннің  бір-бір шумағын орындады. М.Мақататаевтың «Фаризажан» әнімен поэзия сағаты аяқталғанмен , әркімнің жүрегінде поэзияға, елінің ақын қызына деген махаббаты мен сүйіспеншілігі арта түскені анық.
Кешті қорытындылаған кітапхана директорының орынбасары Б.Жұмабекова  жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруда «Бір ел-бір кітап» акциясының аса қажеттігін айта келіп, шараға белсене қатысқан Тіл сарайының қызметкерлеріне, №8639 әскери бөлім жауынгерлеріне, І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінің студенттеріне  ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырды. Тіл орталығының директоры Т.Сламғалиқызы көркем әдебиетті оқу мен қазақ тілін жетік меңгерудің маңызына тоқталып, алдағы уақытта да бірлесе шығармашылық байланыста  қызмет атқара беретіндіктерін жеткізді.  Осылайша жылдан-жылға  акцияға байланысты шараларға қатысқан оқырмандар қатары өсіп, кітап  оқуға деген жастардың қызығушылықтары артып келеді. Акцияға қатысу дәстүрі облыс кітапханаларында заңды жалғасын тауып, түрлі мәдени іс-шаралар атқарылды.

 

 


Отдых для всех